Домой Жаңалықтар Қазақстан экологиялық таза өнім шығаратын ел ретінде әлемді жаулауы керек

Қазақстан экологиялық таза өнім шығаратын ел ретінде әлемді жаулауы керек

149
0

Қазақстан қоспасыз, химиясыз экологиялық таза өнім шығаратын ел ретінде әлемді жаулауы керек.

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңесті ашқан  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның негізгі экспортындағы биржа тауарларына бағаның төмендеуі жағдайында екінші және балама экономика, өңдеуші өнеркәсіп аса маңызды рөл атқарады.

«Индустрияландыру — бұл тек жаңа бағдарлама ғана емес, бұл жаңа жұмыс орындары, тауарлар технологиясы. Бүгін осында қойылған көрмедегі өнімдер біздің осы жылдар ішінде жеткен жетістіктерімізді паш етіп отыр. Мені әсіресе жеңіл өнеркәсіп тауарлары, ұсақ өндірістер, балалар ойыншықтарының, киімдердің өзімізден шыға бастағаны қуантады. «Қазақстанда жасалған» брендімен шыға бастаған тауарлар нарықты жаулай бастады», — деді Елбасы.

Бұл ретте Президент әсіресе аграрлық кешен саласындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. Елбасының айтуынша, бүгін ауыл шаруашылығы саласында адамдарға қажеттінің бәрі елімізде шығарылады. Алайда, олардың ауқымы әлі де тиісті деңгейде емес. «Әрине, бұл — уақыттың еншісіндегі мәселе. Біз агроөнеркәсіп кешеніне үлкен мән береміз. Біз әлем арасында Қазақстанда шығарылған органикалық таза өнімдермен ерекшеленуіміз керек. Қазақстан қоспасыз, химиясыз, экологиялық таза өнім шығаратын ел ретінде әлемді жаулауы керек. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз», — деді Н. Назарбаев.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.