Домой Жаңалықтар Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 70-ке толды

Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 70-ке толды

200
0

Бүгін Халық Қаһарманы, Кеңес одағының батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, әскери ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің туған күні!

Осыдан 70 жыл бұрын (1946) Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Тоқтар Оңғарбайұлы дүниеге келді.

Ол Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, 1979 жылы Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы 1-ші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген.

1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан.
Ғарышқа Александр Александрович Волковпен және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің ғарышкер-зерттеушісі ретінде ғарышқа аттанды. Қазақстан мен Австрияға ғарышқа жол ашқан бұл тарихи оқиғаны Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады.

«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен «Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған-деп хабарлайды ҚазАқпарат.