Домой Жаңалықтар Белгілі сарапшы теңгенің алдағы бағамы жөніндегі болжамын айтты

Белгілі сарапшы теңгенің алдағы бағамы жөніндегі болжамын айтты

309
0

Бүгін, 26 шілде күні Қазақстан қор биржасында (KASE) АҚШ долларының орташа сараланған бағамы 347,86 теңгені құрады. Ал, Астанадағы айырбастау пунктерінде бір доллардың құны 351 теңгеге дейін жеткен.

Барлық ақша айырбастау пунктері жинақталған курс.кз сайтынан қарасақ, Астана қаласындағы айырбастау пунктері соңғы бір сағаттың ішінде доллар құнын 348-349 теңгеден, 351 теңгеге дейін көтерген. Түскі 13.30-дағы жағдай бойынша, қалада бір ғана айырбастау пункті долларды 348 теңгемен сатуда. Сатып алу құны — 347-349 теңге аралығында.

«Казкоммерцбанк»-тің елордадағы бөлімшелері таңертең бір доллардан 348 теңгеден сатса, түс аумай жатып, доллар бағасын 352 теңгеге жеткізіп отыр. «Халық банк» доллардың бағасын 348 теңгеден, 351 теңгеге , «Цеснабанк» Ұлттық банк ұсынған бағамды өзгертпей, долларды 343 теңгеден сатып отыр. Ұлттық банктің 27 шілдеге арналған теңгенің курсы — бір доллар үшін 343 теңге.

Байқап отырғанымыздай, ақша  айырбастау пунктерінің барлығы доллардың теңгеге шаққан бағасын сағат санап өсіріп отыр. Бұл нарықтағы белгілі сарапшы Нұрлан Рахымбаевқа хабарласып, өз болжамын сұрадық.

«Жалпы, менің ойымша, теңгенің қазіргі құнсыздануы мұнай бағасының төмендеуімен байланысты. Бүгін біз Ресей рублінің құнсызданып жатқанын да көріп отырмыз. Міне, сондықтан, теңге курсының төмендеп жатқанын осы екі фактормен байланыстыруға болады. Ал, енді теңге түсе бере ме, жоқ па дегенге келетін болсақ, бір доллар үшін 350 теңге дегеніміз — салмақты курс. Бірақ, менің ойымша, теңге тұрақтана түседі», — дейді «Асыл инвест» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, компанияның  сарапшысы Н.Рахымбаев.

Бұл ретте сарапшы теңгенің тұрақтанбай, бұдан былай да құнсыздана беруі мүмкін деген қауіптің жоқ емес екенін айтып отыр.

«Халыққа жинаған ақшасын басқа валютаға ауыстыр, ауыстырма деп ұсыныс айту өте қиын. Әрине, теңге бұдан ары қарай да құнсыздана береді деген қауіп бар. Бірақ, ешкім де, мен де ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Дегенмен, эмоцияға беріліп, ақшаны айырбастамай тұра тұрған жөн болар. Теңге әлі тұрақтана түсуі әбден ықтимал», — дейді сарапшы.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.