Домой Жаңалықтар Қостанай облысында егінді алқаптың 30%-ға жуығы орылды

Қостанай облысында егінді алқаптың 30%-ға жуығы орылды

113
0

Қостанай облысында биыл астықтың шығымы көңіл қуантады. Орақ түскен алқаптан гектарына 30 центнерден өнім жиналуда. Ендігі міндет — ел ырысын ысырап етпей жинап алу.

Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен өткізген кеңесінде Елбасы да осы міндетті мінсіз атқаруды жүктеген болатын. Соңғы аптада Тобыл өңірінде күн күрт ысып, жиын-терім науқаны қызу қарқынмен жүріп жатыр, деп жазады 24.kz.

Алтынсарин — егінді өңір. Аудан 231 мың гектар алқапқа тұқым сепсе, соның 80%-ы бидайдың үлесінде. Тәжірибелі диқан Александр Бородин көктемгі қолайсыз ауа райына қарамастан, егінді уақытында екті. Жаз бойы ылғал, жаңбыр жеткілікті болды.

Бұл шаруашылықта өнімділікті арттыру үшін өзара бәйге ұйымдастырылған. Сергей Цебер еңбек жарысына қатысушылардың бірі. Қазір Тобыл өңірі тамылжып тұр. Соңғы аптада жауын-шашын тыйылды. Механизаторлар мезгілмен санаспай еңбек етуде. Өңірдегі элеваторлар астық қабылдауға дайын. Диқандар үшін қуанышты хабар: Азық-түлік және келісімшарт корпорациясы биыл бидайды сапасына қарай тоннасын 40-42 мың теңгеден қабылдамақ.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысында биыл 4,5 мың гектардан астам алқапқа егін себілген болатын. Қазіргі таңда соның 30%-ға жуығы орылды.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.