Домой Жаңалықтар Қостанайда медицина қызметкерлері марапатталды

Қостанайда медицина қызметкерлері марапатталды

142
0

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні.  Осыған орай, Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде салтанатты жиын болды.

Медицина қызметкерлерін облыс әкімі  Архимед  Мұхамбетов құттықтап,  олардың халық алдындағы жауапты еңбектері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, әкім өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді де атап өтті.

Соңғы жылдары еліміздің медицина саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Біздің облыс бойынша да бұл салаға баса назар аударылған.  Соңғы жылдары жалпы сомасы 17,5 млрд. теңгеге алты ірі медициналық нысан пайдалануға берілді. Мұның сыртында ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді, жақында көптен күткен онкологиялық емхана да іске қосылды. Осының арқасында өңірде түрлі ауру көрсеткіштері де төмендеп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі де  артты. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында біз “Саламатты Қазақстан“ мемлекеттік бағдарламасын жемісті іске асыра алдық. Қадірменді, медицина саласының мамандары, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, — деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.

Жиын соңында денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп келе жатқан бір топ медицина қызметкерлері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің  алғыс хаттармен марапатталды.Бұл туралы «Қостанай таңы» хабарлайды.