Домой Жаңалықтар Қостанайда тұңғыш рет көркем фильм түсірілді

Қостанайда тұңғыш рет көркем фильм түсірілді

264
0

Қостанайда қысқаметражды «Саяқ» фильмінің тұсаукесері өтті. Туынды Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Жобаның авторы – талантты театр және кино майталманы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, ал қоюшы режиссері І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының жас актері Олжас Бегайдаров. Бұл фильм республика театрлары арасында және облыста тұңғыш рет түсірілген кәсіби көркем туынды. Түсірілім жұмыстары былтырғы наурыз айында басталған. Нүктесі тамыз айында қойылды.

Оқиға желісіне  он жетінші  ғасырдағы  қазақ-жоңғар шапқыншылығы арқау болады.  Негізі,  басты кейіпкер – Саяқ  сол кездегі қазақ батырларының жиынтық образы.  Фильмде шағын бір қазақ ауылындағы батырдың баянды махаббаты суреттелген.

Басты рөлді қарағандылық Қайрат Кемалов ойнады. Сондай-ақ, есімдерін облыс таныған Айбол Шәкіржанов, Жібек Жолдыбай, Әлімхан Мырзахан, Зәмзәгүл Балтабаева, Ақдәмен Досановаларға бір-бір рөл бұйырыпты. Жоңғар батырының рөлін Қонысбек Бегайдаров сомдады.
Айта кету керек, фильмге кеткен қаражат, қазақ-жоңғарлардың киген киімдері, қару-жарақтары, әбзел-саймандары ынталы азаматтардың, демеушілердің есебінен жүрді. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Лариса Сероус фильм тұсаукесерімен құттықтап, түсірілім барысында айрықша еңбегі сіңген жастарға алғыс хат табыс етті.Бұл туралы «Қостанай таңы» хабарлады.