Домой Жаңалықтар Осы айда Қазақстанға қажетті бензин көлемі жеткізіледі

Осы айда Қазақстанға қажетті бензин көлемі жеткізіледі

62
0

Қыркүйекте Қазақстанға қажетті бензин көлемі толық жеткізіледі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.

«Үкіметтің бензиннің бағасына қатысты жасаған соңғы шешімінің арқасында елімізге бензиннің жеткізілімі жақсарды. Оны біз бірінші күннен байқап отырмыз. Қыркүйектің басынан бері 22 мың тонна бензин Қазақстанған жеткізілген. 11 мың тоннадай бүгінде жолда келе жатыр. Сонымен қатар 80 мың тоннаны алу үшін тиісті шарттарға қол қойылды. Енді қыркүйек айының ішінде оның көлемі 110 мың тоннаға дейін жетеді деп есептеп отырмыз», — деді Ұ. Қарабалин.

Осы орайда ол бұл шаралардың нәтижесінде ағымдағы айда қажетті бензин көлемі толық қамтамасыз етілетіндігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің төртінде Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Үкімет Аи-92/93 бензині бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқандығын хабарлаған болатын.  Б. Сағынтаевтың айтуынша,  Үкімет бензин тапшылығын болдырмас үшін Аи-92/93 бензині бағасына мемлекеттік реттеуден бас тартып отыр. Қазақстан бұрындары Ресейден жетпейтін бензинді 97 теңгеден алған еді, яғни 1 рубль — 2,95 теңге бағамы бойынша. Бүгінде теңгенің еркін бағамы аясында бензин 120  теңгеден сатып алынып, 108 теңгеден сатылуда.  «Сәйкесінше, шығынмен ешкім де жұмыс істегісі келмейді. Егер осылай жалғасса, жақын арада, қыркүйектің аяғына қарай бензин тапшылығы туындайды», — деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі өндіріс пен тұтыну балансында Аи-92/93 бензинін үш мұнай зауытында өндіру көлемі 2,1 млн. тонна, ал тұтыну деңгейі  3,2 млн. тоннаны құрап отыр. Яғни, 1,1 тонна көлемінде жетіспеушілік бар. Бұл қажеттіліктің негізгі көлемі Ресейден жеткізілуде.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.