Домой Жаңалықтар Ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдік берілген сома 10 млн теңгеге дейін...

Ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдік берілген сома 10 млн теңгеге дейін ұлғайтылды

83
0

Ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемнің ең жоғарғы сомасы 10 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Қазақпарат «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына» сілтеме жасап.

Айта кетейік, 27 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды.

«Бұл заңға сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде орналастырылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген өтемнің ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Ұлттық валютаның шетел валютасына қарағанда басымдылығын қамтамасыз ету мақсатында шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемнің мөлшері бұрынғы деңгейде қалдырылды, яғни 5 миллион теңгеден аспайды», делінген хабарламада.

Осылайша, қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозитор — жеке тұлғаларға ұлттық валютадағы кепілдік берілген депозиттері бойынша он миллион теңге және шетел валютасындағы депозиттер бойынша бес миллион теңгеден аспайтын мөлшерде бір депозиторға бір қатысушы банк бойынша кепілдік берілген өтем төлейді.

Сондай-ақ заң бойынша депозитор бір қатысушы банкте түрі мен валютасы бойынша әртүрлі бірнеше кепілдік берілген депозит ашқан жағдайда, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры олар бойынша он миллион теңгеден аспайтын сомада жиынтық кепілдік берілген өтемді төлейді.