Домой Жаңалықтар Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына ант берді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына ант берді

55
0

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында қайта сайланған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау  рәсімі өтіп, онда Елбасы Қазақстан халқына ант берді.

Ұлықтау рәсімі өтетін салтанатты залға ең алдымен Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы әкелінді.  Бұдан кейін Елбасы Ақордадан шыққан сәтінен бастап, Сарайға дейін арнайы салтанатты кортежбен жүріп өтті. Сонымен қатар, Заңға сәйкес, Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», — деп халыққа ант берді. 

Міне, осы сәттен бастап Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады. Республика Президентi анттың мәтiнiн мемлекеттiк тiлде айтты.  Ант беру салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткізілді. 

Ант берiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнi орындалды. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Президентке Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн тапсырды.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.